Наурыз — парсы тілінде Жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Қазақтар бұл мерекені Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды.
Наурызды мемлекеттiк мереке ретiнде Ауғанстан, Иран, Әзербайжан, Албания, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Дағыстан және Өзбекстан мен Тәжiкстан елдері атап өтедi.
Түркі тілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз мерекесін әр ел өзінше тойлағанмен, барлығы бір мақсатқа үндейді. Наурыз — халықты татулық пен бірлікке шақырады.
Біздің облыстағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, «Сагдиана» өзбектердің ұлттық мәдени орталығы, татарлардың «Шатлық» және «Вайнах» шешендер қоғамы Наурызды ерекше атап өтеді.
Наурыздың 21-де «Сүйікті қаламның көктемі» және 22-23-де «Наурыз — достық мерекесі» атты шаралар өткізіледі. Бұдан соң ұлттық орталықтар наурыз көже асып, арнайы мерекелік кеш ұйымдастырады.
Әр ұлт өкілдерінің Наурызды қарсы алу дәстүрі әртүрлі.
Мәселен, Наурызды ерекше атап өтетін халықтың бірі — татарлар. Бұл күнi татарлар мерекеге арнап жаңа киім сатып алады. Үй-iшiн тазалап, жапқыштарды жаңартып, мiндеттi түрде ақ дастарқан жаяды.
Ұлттық тағамдар – шәк-шәк, губадия, кабартма, ляваш, бәлiш қойылады. Мереке күнi бiр-бiрiне қонаққа барып, ескi жылдан қалған өкпе-назы болса, кешiрiм сұрап, көңiлдерiн жiбiтедi. Татарлар наурыз көжеге ұқсас «Қарға ботқасын» әзірлейді.
Ал әзірбайжандар мерекеге ерекше дайындалады.Әзірбайжандар ата-бабаларынан қалған ең ізгі мереке ретінде Наурызды Кеңес дәуірінде де тойлаған халық.
Наурыз айы кірген уақыттан бастап әр аптаның екiншi күнi, табиғат құбылыстары су, жел, от, жерге арнап алау жағылады. Соңғы төртiншi алау жер, топыраққа арналады.
Яғни бұл «ақырғы сейсенбi» деп аталады. Ал наурыздың жиырма бірі күні барлық әзірбайжандар жаңа күнді өз отбасында қарсы алады. Жиырма екісінде қонақ күтіп, бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері тек қана жақсы сөздер айтылуы тиiс.
Наурыз күнi ескi өкпелер ұмытылып, араздасқан туыстар бiрiн-бiрi кешiрiп, дастарқан басына жиналады. Наурыз айы басталған кезде әзірбайжандар бидайдың тұқымын егеді екен.
Дәннен өнiп, өскен бидайдың өркенiне қарап келген жылдың қаншалықты берекелi болатынын болжайды. Оны қызыл лентамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды.
Өзбек халқының да Жаңа жылды қарсы алу дәстүрі ерекше. Облыстағы «Согдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығының вице-президенті Әлішер Исматуллаев бұл күні өзбектер үйді-үйді аралап, қонаққа барып, ұлттық тағамдардан ауыз тиетінін айтады.
Жастар күресіп, асық ойнап, ақсақалдар бата берсе, үлкендер ұлттық тағам — сумалак әзірлейді. Сумалак аспайтын өзбек үйі болмайды. Бұл астың Наурыз көжеден айырмашылығы — бидайды екі күн қайнатып, тайқазанға асады.
Барлығы өз арман-тілектерін айтып, астан ауыз тиеді. Халықтың сенімі бойынша, сәбилі бола алмай жүрген келіншектер Алладан перзент сұрап, осы көжеден ауыз тисе тілегі орындалады екен. Сондай-ақ, өзбек халқының сенімі бойынша,
Наурыз күні үйге бірінші боп бас сұққан адамға көп нәрсе байланысты. Сондықтан өзбектер Жаңа жылдың алғашқы қонағы атына заты сай, пейілі түзу, оң ниетті, ең бастысы, қой егіз табатын құтты қонақ болса деп тілейді.
Наурыз мерекесін облыстағы өзбектер де ерекше ықыласпен атап өтеді. Осы күні облыстағы барлық ұлттық орталықтардың өкілдері бір-бірлерін құттықтап, игі тілектерін білдіреді. Өнерлі жастар мерекелік шараларға қатысып, ән айтып, би билейді.
Жалпы, қазіргі таңда біздің облыста 1171 өзбек, 1092 әзірбайжан, 9364 татар ұлтының өкілі бар.
Наурызды ерекше қарсы алатын елдің бірі – Түркия. Аталған елдің әр аймағында Наурыз мерекесі әртүрлі, яғни «Айдың соңы», «Сұлтан неврузы», «Невруз сұлтан» деп аталады. Бұл күні күллі жамағат таза киімдерін киіп, бір-бірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтайды. Бейіт басына барып, дұға оқылады.
Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Мереке күндері қалың жұрт көңіл көтеруге міндетті. Араздасып қалған жағдайда дереу татуласып, бар өкпе-реніштерді ұмытуы тиіс.
Түрікмен халқы да жыл басын «Невруз» деп атайды.
Ал көрші Қырғыз елі жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдарын дайындап, бір-бірін көтеріңкі көңіл күймен құттықтайды.
Ирандықтар бұл мерекені 13 күн бойы үздіксіз тойлайды. Алғашқы бес күнінде алыс-жақындардың үйіне қонаққа барып, қыдырады. Мерекенің 13-ші күнінде көпшілік таза ауаға шығып, серуендейді.
Наурыз қарсаңында үй-іші тазартылады. Ирандықтар жаңа жылды жаңа киіммен қарсы алады. Жылдың соңғы сәрсенбісінде үлкен алау от жағылады. Ирандықтар «бәле-жала шаңырағымнан, ауру-дерт бойымнан кетсін» деген ниетпен оттың үстінен секіреді. Мереке күні әулеттің үлкен жандары кішілерге күміс не алтын тиын-тебен береді. Бұл рәсім «аиди» деп аталады.